Қазақстанда ағзаның тұқым қуалайтын ерекшеліктері мен белгілі бір ауруларға бейімділігін анықтауға мүмкіндік беретін генетикалық тестілеу қызметі іске қосылды. Жаңа қызмет 17 қарашадан бастап Freedom SuperApp қосымшасында қолжетімді болды, деп хабарлайды ult.kz.
ДНҚ тесті арқылы нені білуге болады?
Freedom өкілдері жаңа сервистің іске қосылғанын 17 қарашада өткен Freedom Talk таныстырылымында мәлімдеді.
Freedom LifeStyle Group бас директоры Алексей Лидің айтуынша, бастапқы кезеңде генетикалық тестілеу денсаулыққа қатысты мәселелерге бағытталады.
Атап айтқанда, пайдаланушылар тұқым қуалайтын қауіптер, зат алмасу ерекшеліктері, тамақтану мен физикалық жүктемеге қатысты ақпарат ала алады.
Алдағы уақытта компания сервистің мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Генетикалық деректер базасы ұлғайған сайын ДНҚ сәйкестігі арқылы туыстарды іздеу функциясын енгізу көзделген.
«Тестілеуден өткен адамдар көбейген сайын, оның ішінде алыс туыстарды да табу ықтималдығы артады», – деді Алексей Ли.
Тестілеуден қалай өтуге болады және бағасы қанша?
Зерттеуден өту үшін зертханаға өз бетінше барудың қажеті жоқ.
Арнайы сілекей жинау жиынтығына Freedom SuperApp қосымшасы арқылы тапсырыс беруге болады. Жиынтықта биологиялық үлгіні сақтауға арналған түтіктер мен арнайы ерітінді болады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырысты халықаралық DHL логистикалық компаниясының курьері жеткізеді.
Сілекей үлгісін жинағаннан кейін пайдаланушы курьерді қайта шақырып, дайын үлгіні зерттеуге тапсыруы керек.
Генетикалық талдау нәтижелері қосымшада қолжетімді болады.
ДНҚ тестінің құны – 20 мың теңге.
ДНҚ тесті ауруды анықтай ала ма?
Компания өкілдері генетикалық зерттеу нәтижелерін медициналық диагноз ретінде қабылдауға болмайтынын арнайы атап өтті.
«Айта кету керек, ДНҚ тестілері диагноз болып саналмайды және тіпті медициналық ақпарат санатына да жатпайды», – деп түсіндірді Алексей Ли.
Оның айтуынша, мұндай зерттеулер белгілі бір ауруларға тұқым қуалайтын бейімділік туралы ақпарат береді. Алайда адамның сол аурумен ауыратынын растамайды.
Қосымшада зертханалық талдаулар да қолжетімді болады
Сонымен қатар Freedom қосымшадағы медициналық қызметтер тізімін кеңейтіп жатыр.
Енді Freedom SuperApp арқылы зертханалық талдауларға да тапсырыс беруге болады. Сервистің алғашқы серіктесі – INVIVO зертханалар желісі.
Алексей Лидің айтуынша, жақын уақытта жобаға тағы екі ірі зертханалар желісін қосу жоспарланып отыр.
Бұған дейін қосымша пайдаланушыларына дәрігер қабылдауына жазылу мүмкіндігі берілген.
Осылайша, пайдаланушылар генетикалық тестілеу, зертханалық зерттеулер және басқа да медициналық қызметтерді бір қосымша арқылы пайдалана алады.
Әлемде генетикалық тестілеу қалай дамыды?
Тұтынушыларға арналған ДНҚ тестілері 2000 жылдан бастап пайда бола бастады. Бұл бағыттағы алғашқы компаниялардың қатарында британдық Oxford Ancestors пен америкалық FamilyTreeDNA болды.
Кейін халықаралық нарыққа 23andMe, AncestryDNA және MyHeritage сервистері шықты. Олар пайдаланушылардың генетикалық деректерінен ірі базалар қалыптастырды.
2025 жылдың соңына қарай AncestryDNA компаниясының клиенттер саны 29 миллионға жеткен.
Дегенмен бұл саланың дамуы жеке деректердің таралып кету жағдайларымен де қатар жүрді.
2023 жылы 23andMe компаниясының 7 миллионға жуық клиентінің деректері таралып кеткені белгілі болды. Ал 2025 жылы компания банкроттық туралы жариялап, кейін жаңа иесіне сатылды.