Freedom Inside '26

Қазақстан Халық партиясына жаңа төраға сайланды

Қазақстан Халық партиясына жаңа төраға сайланды
Қазақстан Халық партиясы

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп, делегаттардың шешімімен партияның жаңа төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды, деп хабарлайды ult.kz.

Съезд барысында партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев сөз сөйлеп, соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Ол партия басшылығының ауысуын саяси ұйымның дамуы үшін заңды әрі қажетті кезең деп бағалады.

«Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл — табиғи процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес», — деді Ермұхамет Ертісбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан Халық партиясы соңғы жылдары меритократия, кәсіби біліктілік, жауапкершілік және сабақтастық қағидаттарына негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға басымдық берген.

Сондықтан жаңа төрағаны таңдауда үміткердің нақты жұмыс нәтижелері, басқарушылық тәжірибесі, көшбасшылық қабілеті, команданы ұйыстыра білуі және партияны одан әрі дамыту әлеуеті ескерілген.