Қазақстан театрлары екі жылда 410 премьера ұсынды

Қазақстан театрлары екі жылда 410 премьера ұсынды
ашық дереккөз

Қазақстан театрлары жаңа маусымды жаңа қойылымдармен, халықаралық жобалармен және жаңарған инфрақұрылыммен бастайды. 2025–2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша еліміздің театрларында 16 мың спектакль қойылып, 410 премьера сахналанған. Қойылымдарды 2,8 млн-нан астам көрермен тамашалаған, деп хабарлайды ult.kz.

Жаңа маусымда бірқатар театр көрерменге жаңа қойылымдарын ұсынады.

«Астана Балет» XIV маусымын 28 және 29 тамызда Корей ұлттық балетінің гастрольдік қойылымдарымен ашады. Көрермендер Адольф Аданның музыкасына жазылған «Корсар» балетін тамашалай алады. Театрдың халықаралық бағдарламасы Вьетнам, Франция және Аустриядағы гастрольдермен жалғасады.

«Астана Опера» XIV маусымын 4 және 5 қыркүйекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Биыл композиторлардың 120 жылдығына орай бұл қойылымға ерекше мән беріліп отыр. Сонымен қатар жаңа маусымда «Чарли и Ирэн», «Томирис» балеттері және балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклі көрерменге жол тартады.

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен бастайды. Қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша алғаш рет балет жанрында сахналанбақ.

Балаларға арналған қойылымдар көбейеді

Жаңа маусымда балалар мен жасөспірімдерге арналған спектакльдерге де басымдық берілмек.

2026 жылдың қаңтар–маусым айларында еліміздің театрлары 3 948 балалар спектаклін көрсеткен. Оларды 559 885 жас көрермен тамашалаған.

Бұл бағытта балалар мен жасөспірімдер, қуыршақ және жастар театрлары жұмыс істеп келеді.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры биыл 80 жылдығын атап өтеді. Театрдың «Ұлпан» спектаклі Бішкекте өткен «ART-ORDO» халықаралық театр фестивалінде Гран-при иеленіп, тағы үш аталым бойынша жүлдеге ие болды.

Театрлар шетелге де гастрольге шығады

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандық театрлар 407 гастрольдік сапар ұйымдастырған. Оның 394-і Қазақстан ішінде, 13-і шетелде өткен.

Шетелдегі гастрольдердің қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының Сингапурға, Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың Түркияға сапары бар.

Қазақстандық театр өкілдері халықаралық байқауларда да жүлдеге ие болды. «Астана Опера» театрының «El Voice» вокал тобы «Солдатский конверт» халықаралық байқау-фестивалінде Гран-при жеңіп алды. Ал театр скрипкашысы Бағдат Әбілханов Қытайдың Далянь қаласында өткен GRAND ART EXPRESS-CHINA халықаралық байқауында І орын алды.

Алматыдағы театрлар жаңартылады

Театр инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қайта жаңғыртылуда. Жоба аясында ғимараттың тарихи келбетін сақтау, инженерлік жүйелерін жаңарту және көрермендер мен шығармашылық ұжымға заманауи жағдай жасау көзделген.

Ал Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы 98 пайызға жеткен. Театрдың тарихи ғимараты мен жаңа жапсаржайындағы негізгі жұмыстар аяқталып, инженерлік жүйелер мен сахна жабдықтары орнатылған.

Театр ғимараты 7 қарашада, театрдың туған күнінде қайта ашылады деп жоспарланып отыр.