Freedom Inside '26

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне «ұлттық» мәртебе берілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне «ұлттық» мәртебе берілді
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне «ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Президент бұл шешім арқылы елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісіне ерекше мән берілетінін атап өтті. Жаңа мәртебе музейдің Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі әрі Қазақстанның жетекші мәдени-ағартушылық орталығы ретіндегі орнын айқындай түседі.

Қазіргі таңда музей қорында 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Мекемеде 20 көрме залы, реставрация шеберханалары, зертханалар, қор сақтау орындары, ғылыми кітапхана және көрме-білім беру жобаларын жүзеге асыруға арналған арнайы кеңістіктер жұмыс істейді.

Ұлттық музейге жыл сайын 600 мыңнан астам адам келеді. Мұнда ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, экскурсия жетекшілері мен қор сақтаушыларды қоса алғанда, 400-ден астам маман еңбек етеді.

Музей көрме, ғылыми және ағартушылық бағыттағы жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Жыл сайын мұнда 100-ден астам халықаралық көрме мен түрлі жобалар ұйымдастырылып, олардың аясында Қазақстанның шетелдік музейлермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастығы кеңейтіледі.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа мәртебе музейдің ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық және халықаралық байланыстарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қадам ұлттық мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етпек.