Павлодар облысындағы Қазақстан-Ресей шекарасында орналасқан «Қосақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кезегі ұлғайып, кептеліс қалыптасты, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, жағдай жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің маусымдық артуына байланысты туындаған.
Ведомство күту уақытын қысқарту үшін өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қажетті шаралар қабылдануда.
ҰҚК мәліметіне сәйкес, «Қосақ» өткізу пунктінің Қазақстаннан шығу бағытындағы орташа өткізу қабілеті тәулігіне 200-220 жүк көлігін құрайды.
Осыған байланысты тасымалдаушыларға баламалы бағыттарды пайдалануға кеңес берілді. Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу бекеттері жұмыс істесе, Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» өткізу пункттері арқылы шекарадан өтуге болады.
Сонымен қатар шекарадан өту уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін электрондық кезек жүйесі қолданыста. Ол бос орындардың бар-жоғын тексеруге және өткізу бекеттеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
ҰҚК жүргізушілер мен жүк тасымалдаушыларды қалыптасқан жағдайды ескеріп, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауға шақырды.