Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, прокуратура органдарымен және Чехия полициясымен бірлескен арнайы операция барысында Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратқан халықаралық қылмыстық арнаның жолын кесті, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай бірнеше елдің құқық қорғау органдарының үйлесімді әрекетінің нәтижесінде халықаралық деңгейде жұмыс істеген ұйымдасқан топ әшкереленгенін айтқан.
— Қылмыстық іс аясында Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілді. Тергеу барысында көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар мен қолма-қол ақша тәркіленді, — деді ол.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер жабық интернет-ресурс құрып, онда Қазақстан және көршілес мемлекеттер азаматтарының жеке деректерін орналастырған. Қылмыстық топта нақты иерархиялық құрылым болған: ұйымдастырушылар, тапсырыс қабылдайтын операторлар және деректерді іздеп, ұсынумен айналысқан қатысушылар өз міндеттерін бөлісіп атқарған.
Заңсыз табысты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған. Сонымен қатар бір реттік сұраныстар мен ресурсқа тұрақты қолжетімділік үшін арнайы тарифтер белгіленгені анықталды.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінгендер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
— ІІМ киберқылмысқа қарсы күресті күшейтіп, жеке деректердің заңсыз таралу арналары мен көздерін анықтау және жою жұмыстарын жалғастырады. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау — басты міндеттердің бірі, — деді Жандос Сүйінбай.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура кибералаяқтық қылмыстарын ашу көрсеткіші 29 пайызға артқанын хабарлаған болатын.