Алматылық стримердің тікелей эфирде Батыс Қазақстан тұрғындары, Адай руының өкілдері мен Жаңаөзен халқына қатысты айтқан сөздері әлеуметтік желіде наразылық туғызды, деп хабарлайды ult.kz.
Эфир барысында стример батыс өңіріне тән сөйлеу ерекшелігін сынға алып, жергілікті диалект қазақ тілін «бұзады» деген пікір білдірген.
Бұдан кейін ол «сәлем салу» дәстүріне тоқталып, келіннің үлкендерге иіліп сәлем беруін орынсыз түрде бала тілеумен байланыстырған.
Стримердің Жаңаөзен тұрғындары туралы сөздері де көпшіліктің сынына ұшырады. Ол Жаңаөзеннен Алматыға келген адамдардың соққыға жығылуы мүмкін екенін айтқан.
Мұнай саласының қызметкерлері де оның сынына іліккен. Шетелдік мамандармен еңбек жағдайы мен жалақыдағы теңдікті талап етіп, ұжымдық үндеу жасайтын мұнайшыларға қатысты блогер мұндай талаптарды мемлекетке қоюға болмайтынын айтқан.
Сонымен қатар ол Қаңтар оқиғасына қатысты жауапкершілікті Жаңаөзен тұрғындарына жүктеген.
Стримердің эфирінен үзінділер әлеуметтік желіде тарап, қолданушылар арасында қызу талқылау туғызды. Желі қолданушылары Батыс Қазақстан тұрғындарынан, Адай руының өкілдері мен Жаңаөзен халқынан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етіп жатыр.
Пікір білдірушілер стримердің сөздері өңір тұрғындарының тіліне, дәстүрі мен еңбек тарихына қатысты құрметсіздік деп бағалаған.