15 қыркүйекте Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттері Сеулде шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктeстік деңгейіне дейін көтеру туралы вербальді ноталар алмасты, деп хабарлайды ult.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасты:
1. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасы Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы ғылым және технологиялар саласы бойынша таланттарды дамыту туралы ынтымақтастықтың негіздемелік құжаты;
3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасындағы EPS жүйесі бойынша қызметкерлерді бағыттау және қабылдау бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Корея Республикасы Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Зияткерлік меншік саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасында қаланы, инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасындағы озық әуе қозғалысын дамыту саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Корея Республикасы Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Ормандарды цифрлық қалпына келтіру және климат өзгерісіне қарсы күрес шаралары жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған мәдени ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
12. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Корея Республикасы Патриоттар мен ардагерлер істері министрлігі арасындағы Тарихи нысандарды сақтау және басқару саласы бойынша жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.

Айта кетейік, Қазақстан мен Корея Республикасының президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізгенде Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына сапармен келуге шақырғаны үшін Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді.
– Бүгін таңертең жақсы бизнес-форум өтті. Менімен бірге Кореяға үлкен бизнес делегация келді. Әртүрлі салада өте тартымды жобалар жүзеге асырылуда. Жоспарымыз да өте мықты. Оның ішінде Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін жіті талқыладық. Бұл – шын мәнінде өте қажетті және маңызды жоба. Біз оған үлкен мән береміз. Қала мәртебесіне қатысты ережелерді Конституциямызға енгіздік. Заң тұрғысынан корейлік компанияларға барлық кепілдік беріледі. Қазақстанда корей ұлтының 120 мыңнан астам өкілі тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, корей диаспорасы – қоғамымыздың белсенді мүшелері, – деді Президент.
Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін жоғары бағалады.
– Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Корея Республикасының Президенті Қазақстан басшысына ілтипат білдіріп, оның Сеулге жасаған сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.
– Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ли Чжэ Мёң.
Келіссөз барысында екі елдің жүйелі байланысты үзбеуге, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендері айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Корея Республикасының стратегиялық серіктестігін нығайтуға және оны жаңа әрі нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін растады.