Қазақстан мен Оңтүстік Корея Alatau City дамытуға корей инвестициялары мен технологияларын тарту мәселесін талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары барысында ірі корей компаниялары және Global Green Growth Institute өкілдерімен кездесті.
Тараптар Alatau City-дегі энергетика, инженерлік желілер, қонақүй және коммерциялық инфрақұрылымды дамыту жобаларын қарастырды.
Жоспарланған жобалардың ішінде жеке электр генерациясын құру, электр желілерін дамыту және көпфункционалды қонақүй кешенін салу бар. Кейбір жобалардың жалпы құны $200 млн-нан асады. Оларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Қазір Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны $6,9 млрд болатын 67 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Тараптар жобаларды қаржыландыру және іске асыру тетіктерін нақтылау бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.