Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды қатаң айыптады

Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды қатаң айыптады
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге 17 және 19 шілдеде жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын қатаң айыптады, деп хабарлайды ult.kz.

СІМ мәлімдеуінше, бұл шабуылдар Қазақстанның экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық болып саналады. Сондай-ақ олар заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекет ретінде бағаланған.

Министрлік бұған дейін барлық мүдделі тараптар келіскен, Қара теңізге КҚК терминалдарына мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасу тетігінің әдейі ескерілмегеніне ерекше алаңдаушылық білдірді. Ведомствоның мәліметінше, бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Осыған байланысты Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізатын экспорттау инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдауды талап етті.

Сонымен қатар, Қазақстан серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырып, барлық мүдделі тараптарды осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған нақты іс-шараларды бірлесіп әзірлеуге үндеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі бойынша республика халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, соның ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы талап қою құқығын пайдалану мүмкіндігін қарастырады.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын, халықаралық құқық қағидаттарын, кеме қатынасы еркіндігін және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету ұстанымына адал екенін атап өтті.