Ертең Жапонияда XX жазғы Азия ойындары аяқталады. Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды ult.kz.
2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орын алған еді. Осылайша, ұлттық құрама алдыңғы Азиадамен салыстырғанда үш саты жоғарылап, алтын медаль санын арттырды.
Қазақстан құрамасы биылғы Азия ойындарында бірқатар олимпиадалық спорт түрінен ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді.
Биылғы Ойындардың басты жетістіктерінің бірі ретінде боксшылардың 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алғанын айтуға болады. Бұған дейін ұлттық құрама Азиада алтынын соңғы рет 2014 жылы жеңіп алған болатын. Кейінгі екі Азия ойындарында қазақстандық боксшылар чемпион атана алмады. Жапонияда 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан және 90 келіден жоғары салмақта ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай чемпион атанды.
Сапымен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Азиада тарихындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Финалда отандастарымыз Корея Республикасының құрамасын 43:42 есебімен ұтты. Қарсылас команда сапында жекелей сында Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы атанған Пак Сан Ён да өнер көрсетті. Бұл жеңіс қазақстандық семсерлесушілер үшін тарихи жеңістердің заңды жалғасы болды. Ұлттық құрама әуелі Азия чемпионатында топ жарып, кейін алғаш рет әлем чемпионы атанды, енді Азия ойындарының алтынын иеленді. Бұған дейін бір маусымда мұндай нәтижеге ешбір құрама қол жеткізбеген.
Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Қазақстанға Азия ойындарындағы алғашқы алтын медальді сыйлады. Олар ерлер арасындағы қос ескекті қайық жарысында жеңіске жетті.
Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен Азиаданың тұңғыш алтын медалін жеңіп алды.
Велошабандоз Алексей Луценко да тарихи көрсеткішке қол жеткізді. Ол жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, Азиададағы жеңіс саны бойынша Қазақстанның ең атақты спортшысына айналды. Ал Рината Сұлтанова жекелей жарыста топ жарып, Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында Азия ойындарының алтынын жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева ел қоржынына екі алтын медаль салды. Берульцева үшін бұл – Азия ойындарындағы екінші чемпиондық атақ.
Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жекте де Қазақстан бірден үздіктер қатарынан көрінді. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль иеленді.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы алғаш рет жекелей сында төрт финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат финалда жапониялық қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ұлттық құрама аралас командалық сында да күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан қатысқан бес финалдың барлығында Жапония балуандарымен белдесті.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, Қазақстан бұл бағдарлама бойынша 32 жылдан кейін Азия ойындарының жүлдесіне қайта қол жеткізді.
Қазақстандық балуандардың нәтижесінде де оң өзгеріс байқалды. Еркін күрестен ұлттық құрама үш қола медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылғы Азия ойындарында бұл күрес түрінен Қазақстан жүлдесіз қалған болатын.
Әйелдер күресінде де нәтиже жақсарды. Биыл спортшыларымыз бір күміс және екі қола медаль иеленсе, 2023 жылы бір ғана күміс жүлде жеңіп алған еді. Осылайша, күрес Қазақстанның жалпы медаль қорына тұрақты үлес қосып келеді. Қола жүлделер санының артуы қазақстандық балуандардың Азия деңгейіндегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Азия ойындары қарсаңында спорт федерациялары ұлттық құрамалардың нәтижесіне қатысты нақты міндеттемелер берген еді. Азиада қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігі осы міндеттемелердің орындалуына жан-жақты талдау жүргізеді.
Сондай-ақ нәтижелер алдыңғы халықаралық жарыстардағы көрсеткіштермен салыстырылып, оған әсер еткен факторлар сараланады.
Егер талдау барысында жекелеген спорт түрлеріндегі қазіргі дайындық жүйесі күткен нәтиже бермегені анықталса, тиісті шешімдер қабылданады. Қажет болған жағдайда жекелеген федерациялардағы жұмыс тәсілдері толық қайта қаралуы мүмкін.
Сонымен қатар жауапты ұйымдардың халықаралық аренадағы жұмысын күшейту мәселесі де қарастырылады.