«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Қауіпсіздік қызметі компанияға тиесілі жеке қорғаныс құралдарының ұрланғанын анықтады. Оқиға бойынша кінәлі тұлға сот шешімімен жауапқа тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Компанияның мәліметінше, №67 «Батыс» кен орнында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген мердігер ұйымның қызметкері жалған тауар-көлік жүкқұжатын пайдаланып, Ultra-210 маркалы респираторларды заңсыз иемденген. Келтірілген материалдық шығын көлемі 2 131 426 теңгені құрады.
Ішкі тексеру аяқталғаннан кейін барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындап, компанияға келтірілген шығынды толық өтеген. Сондай-ақ ол кінәні мойындау туралы процестік келісім жасаған.
Істі қараған Сәтбаев қалалық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылаумен үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот шешімімен сотталған азамат жәбірленушілерге өтемақы қорына заңда көзделген міндетті төлемді төлеуге міндеттелді. Ал тәркіленген мүлік заңды иесіне қайтарылды.