«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС компанияның өндірістік нысандарында жұмыс істейтін 38 медициналық пунктті қосымша жабдықтау мақсатында 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл жүйелі шаралар медицина кызметкерлерінің төтенше және шұғыл жағдайларда жедел медициналық көмек көрсетуге дайындығын едәуір арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда қажетті заманауи жабдықтардың негізгі бөлігі өндіріс орындарына жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бағдарлама аясында медициналық пункттер жұмыскерлердің денсаулық жағдайын бастапқы бағалауға және оларға алгоритм бойынша шұғыл көмек көрсетуге қажетті заманауи құралдармен толықты. Сатып алынған жабдықтардың қатарында 35 дана ZOLL AED Plus портативті дефибрилляторы, 35 дана COMEN ЭКГ аппараты, 20 тасымалдау қалқаны, 52 жиынтық иммобилизациялық шина, 37 күйікке қарсы жиынтық және басқа да қажетті құралдар бар. Сонымен бірге 38 медициналық пункттің барлығы арнайы медициналық тоңазытқыштармен қамтамасыз етілді.
Медициналық пункттер өндірістік нысандардың ерекшелігі мен шұғыл медициналық көмек көрсетудің жоғары талаптарын ескере отырып, бекітілған бірыңғай стандарт бойынша жабдықталуда. Бұл тәсіл компанияның барлық кәсіпорындарындағы медициналық пункттердің материалдық-техникалық деңгейін теңестіріп, кез келген төтенше жағдай кезінде уақыт жоғалтпай жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар нысандарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Барлық бөлімшеде тиісті бейінді оқудан өткен және шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын тұрақты түрде жетілдіріп отыратын кәсіби медицина мамандары жұмыс істейді.

«Өндірістегі медицина қызметкерінің басты міндеті — үнемі қажетті көмекті жедел көрсетуге дайын болу. Төтенше жағдайда әр минут маңызды. Сондықтан дер кезінде әрекет ету маманның жоғары дайындығы мен өндіріс орнында қажетті жабдықтың қолжетімді болуына тікелей байланысты», – деді «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.
Медициналық пункттерді қайта жабдықтау — «Қазақмыстың» жұмыскерлерге көрсетілетін медициналық көмек жүйесін дамыту бағытындағы кешенді жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Компания өндірістік нысандардағы медициналық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жетілдіріп, материалдық-техникалық базаны жаңартуды әрі қарай жалғастырады.