Қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті

Қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті
"Хабар" телеарнасы

Отандық телевизия саласына 40 жылдан астам уақытын арнаған ардагер тележурналист, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Қаралы хабарды журналист Ринат Кертаев жеткізді.

Тілеуқабыл Мыңжасар журналистиканы өмірінің мәні санаған кәсіби маман болды. Ол ұзақ жылдар бойы Алматы облысының ауыл-аймағын аралап, ел ішіндегі өзекті мәселелерді республикалық телеарна эфиріне шығарды. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, өңірдегі маңызды оқиғаларды ақпарат кеңістігіне шығаруға үлес қосты.

Ардагер журналисттің кәсіби жолы 1975 жылы басталды. Сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, Қазақ жасөспірімдер телевидениесінде алғашқы хабары эфирге шықты.

Кейін Тілеуқабыл Мыңжасар отандық телевизияда ұзақ жыл еңбек етіп, «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Ол агенттік құрылған күннен бастап ұжыммен бірге жұмыс істеді.

Кәсіби еңбегі елеусіз қалған жоқ. Тілеуқабыл Мыңжасар «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанып, Алматы облысының құрметті азаматы болды. Сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофонына» ие болды.

Тілеуқабыл Мыңжасар Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол ғұмырын журналистикаға арнап, отандық телевизия тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.