Қазақ балет өнерінің көрнекті өкілі Эдуард Мәлбеков дүниеден өтті

Қазақ балет өнерінің көрнекті өкілі Эдуард Мәлбеков дүниеден өтті
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, балет әртісі, хореограф әрі педагог Эдуард Мәлбеков қайтыс болды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өнер иесінің дүниеден өтуіне байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтты.

Эдуард Жабашұлы саналы ғұмырын балет өнеріне арнап, отандық балеттің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Ол сахнада «Спартак», «Бақшасарай бұрқағы», «Жизель», «Аққу көлі», «Дон Кихот», «Махаббат туралы аңыз», «Кармен-сюита» сынды классикалық және ұлттық қойылымдарда басты партияларды орындады.

Өнер иесі хореографиялық білім беру саласында да жемісті еңбек етті. Ұстаздық жолында бірнеше буын өнерпазды тәрбиелеп, өзіндік шығармашылық мектеп қалыптастырды. Оның шәкірттері бүгінде Қазақстанда және шетелде қазақ балет өнерін танытып жүр.

Министрлік мәлімдеуінше, Эдуард Мәлбековтің кәсіби шеберлігі, өнерге адалдығы мен шәкірттеріне деген қамқорлығы кейінгі буынға үлгі болып қалды.

Өнер иесінің жарқын бейнесі мен ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегі өнерсүйер қауымның жадында сақталады.