Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына кәсіпкерлер 100 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетеді

Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына кәсіпкерлер 100 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетеді

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Кәсіпкер, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына Integra Construction KZ компаниясы тарапынан 25 млн теңгеден берілетінін хабарлады.

«Көмек әр отбасыға жеке-жеке көрсетіледі және бұл мемлекеттік қолдауға қосымша беріледі», – деп жазды Шахмұрат Мүтәліп.

Ол Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі кәсіпкер ретінде қаза болғандардың отбасыларының қайғысына ортақтасуды өзінің азаматтық міндеті санайтынын атап өтті.

«Әрине, ешқандай ақша ата-ананың баласын қайтара алмайды. Бірақ осындай қиын сәтте бірде-бір отбасы қайғысымен жалғыз қалмауы керек», – делінген оның үндеуінде.

Қазақстан Халық Кеңесінің тағы бір мүшесі, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев те қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі және еліміздің спорт қауымдастығының өкілі ретінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық қолдау көрсету туралы шешім қабылдадым», – деді Гаджи Гаджиев.

Екі Кеңес мүшесі де қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстарына, жақындары мен қаруластарына көңіл айтты.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Үкіметтік комиссия нақтылаған мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазір тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.