Қазақстанда алаяқтар өздерін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіріп жүр. Кейінгі бір жарым айда ел бойынша осындай 39 дерек тіркелген, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтар телефон шалып, азаматтардың дербес деректері таралып кеткенін және шотындағы ақшаға қауіп төніп тұрғанын айтады. Содан кейін қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.
17 қыркүйекте Жезқазған тұрғыны дәл осы тәсілмен 9 млн теңгесінен айырылған. Ол депозиттеріндегі ақшаны шешіп алып, алаяқтардың нұсқауымен үшінші тұлғалардың шоттарына аударған.
Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бас прокуратура Ұлттық банк пен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшаны бөгде шоттарға аударуды талап етпейтінін ескертті.
Азаматтарға SMS-код, пароль, банк картасының деректері сияқты құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеу ұсынылды.