Қару, есірткі, валюта: ҰҚК шекарадағы заңбұзушылықтарды жариялады

Қару, есірткі, валюта: ҰҚК шекарадағы заңбұзушылықтарды жариялады
Хабар 24

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шілде айындағы қызмет қорытындысын жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, бір ай ішінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 4 975 заңбұзушы ұсталған. Олардың 4 346-сы – шетел азаматтары, деп хабарлайды ult.kz.

Шекарашылар жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 2 476 әрекетінің жолын кескен.

Олардың ішінде:

39 дерек – есірткі заттарын заңсыз алып өтуге;

88 дерек – қару-жарақ пен оқ-дәрілерге (108 дана суық қару және 2 131 оқ-дәрі);

1 808 дерек – жалпы көлемі 150 тоннадан асатын, құны 33,4 млн теңге болатын жанар-жағармай материалдарына;

392 дерек – жалпы құны 1,3 млрд теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларға;

149 дерек – шамамен 2,1 млрд теңге көлеміндегі шетел валютасын заңсыз алып өтуге қатысты.

Сонымен қатар Каспий теңізі акваториясында 34 браконьерлік фактісінің жолы кесілді. Шекарашылар 24,6 шақырым заңсыз аулау құралын және 103 дана бекіре тұқымдас балықты (580 келі) тәркіледі. Алдын алынған экологиялық шығын 251 млн теңгеден асты.

Аталған деректер бойынша 63 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, 4 295 әкімшілік іс қаралуда. Олардың аясында 38 млн теңгеден астам айыппұл салынған.