Қарағандыда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде туберкулезге байланысты карантин енгізілді деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оқу орнында туберкулездің бір жағдайы тіркелгенін хабарлады. Осыған байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
Ведомство мәліметінше, инфекция ошағында аурудың таралуына жол бермеу үшін санитариялық-гигиеналық, емдеу-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешені ұйымдастырылған.
Алайда әлеуметтік желілерде тараған науқастар саны туралы ақпарат ресми түрде расталмаған.
Сондай-ақ департамент университетте карантин енгізілгенін жоққа шығарды.
«Қазыбек би ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы карантин енгізу туралы қаулы шығарған жоқ», – делінген хабарламада.
Мамандар азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Эпидемиологиялық тексеру аяқталып, нақты деректер алынғаннан кейін оның нәтижесі жарияланады.