Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған ер адам сотталды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сот оны мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Тергеу мәліметінше, жобаға қатысушыларға 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейін қаржы салып, виртуалды дүкендер сатып алу ұсынылған. Ақша USDT криптовалютасы арқылы қабылданған. Қатысушыларға күн сайын табыс және жаңа салымшылар тартқаны үшін бонус уәде етілген.
Алайда виртуалды дүкендерде көрсетілген тауарлар іс жүзінде болмаған. Ал қатысушылардың табысы жаңа салымшылардың ақша салуына тәуелді болған.
Салымшылардың қаражаты OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған. Жедел іс-шаралар барысында 474 мың USDT немесе шамамен 212 млн теңге көлеміндегі криптоактив бұғатталды.
Сот шешімімен аталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.