Қарағандыда 5 жастағы балаға ағаш бұтағы құлап, қаза тапты

Қарағандыда 5 жастағы балаға ағаш бұтағы құлап, қаза тапты
almaty.tv

Қарағандыда қатты жел кезінде ағаштың бұтағы құлап, бес жасар бала қаза тапты. Қайғылы оқиға Әлихан Бөкейхан ауданында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, ағаш кондоминиум аумағында, тұрғын үйдің кіреберісіне жақын жерде орналасқан. Желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жеткен.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келген. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, өкінішке қарай, ол көз жұмды.

Қарағанды облысының Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары ағаштың жағдайы, оның құлау себептері және жауапты тұлғаларға қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр.

Қайғылы жағдайға байланысты мамандар тұрғындарға қатты жел кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Әсіресе ескі және қураған ағаштардың, үлкен бұтақтардың, жарнамалық құрылымдар мен электр желілерінің маңында жүрмеу қажет.

Мамандар ата-аналарға балаларды жел күшейген кезде қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Көліктерді де ағаштар мен берік бекітілмеген құрылымдардан алыс қойған жөн.

Тергеу нәтижесінде оқиғаның нақты себептері анықталады.