Қарағанды облысында бес бас асыл тұқымды ірі қараны ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға Қарқаралы ауданында болған. Биыл ақпан айында полицияға 43 жастағы шаруа қожалығының иесі жүгініп, өткен жылдың қазан-қараша айлары аралығында жайылымнан бес бас ақбас тұқымды ірі қарасының жоғалғанын хабарлаған. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгені құраған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен аудандағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейтін 44 және 61 жастағы екі азамат қолға түсті.
Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын мойындап, жауап берген. Олардан іске қатысты айғақ заттар тәркіленген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Полиция мал иелеріне малды қараусыз жайылымға жібермеуге, бақташылардың бақылауында ұстауға және малды уақытылы таңбалауға кеңес береді. Бұл мал ұрлығының алдын алуға әрі қылмыс болған жағдайда оны жедел ашуға мүмкіндік береді.