Қапшағайда адамды құтқарамын деген жігіттің өзі суға батып кетті

Қапшағайда адамды құтқарамын деген жігіттің өзі суға батып кетті
ашық дереккөз

Қонаев қаласының тұрғыны Андрей Козятинский Қапшағай су қоймасында суға батып бара жатқан адамды құтқармақ болып, өзі қаза тапты. Қайғылы оқиға туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 22 шілдеде демалыс орындарының бірінде болған. Алдын ала ақпарат бойынша, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсетуге ұмтылған демалыс базасының қызметкері оқиға орнында көз жұмған.

Қонаев қаласының әкімі Андрей Козятинскийдің әрекетін нағыз ерлік пен жанқиярлықтың үлгісі деп бағалады.

«Қапшағай су қоймасында өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылып, өз өмірін құрбан еткен Андрей Филипович Козятинскийдің қазасы туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Шешуші сәтте ол сырттай бақылап қалмай, өз қауіпсіздігін ойламастан көмекке ұмтылды. Мұндай қадамға жүрегі кең, рухы мықты адам ғана бара алады», – деді Асхат Бердіханов.

Әкім марқұмның әкесіне, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның ерлігі Қонаев тұрғындарының жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Қапшағай су қоймасында арнайы жабдықталмаған жерде шомылған екі жас суға батып қаза тапқан болатын. Қыздың денесін демалушылар құтқарушылар келгенге дейін судан шығарып алған, ал жігіттің мәйіті келесі күні табылған.