Қазақстандық өнер иесі, композитор әрі продюсер Қанат Айтбаев жалғыз қызы Раушанға арнап жаңа ән шығарды. Димаш Құдайбергеннің әкесі перзентіне деген әкелік ақ тілегін «Бақ сүйсін маңдайыңнан!» атты туынды арқылы жеткізген, деп хабарлайды ult.kz.
Әннің әуенін Қанат Айтбаевтың өзі жазса, сөзінің авторы -ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы.
Жаңа туындыға арнайы бейнебаян да түсірілген. YouTube желісінде жарық көрген клипке Раушанның қыз ұзату тойындағы әсерлі әрі естелікке толы кадрлар енгізілген. Бейнебаяннан әке мен қыз арасындағы ерекше жылылық пен қимастық сезімі анық байқалады.
Желі қолданушылары да жаңа әнге жылы лебіздерін білдіріп, туындының әкелік махаббат пен шынайы сезімге толы екенін атап өтті.
"Әкесінің қызына деген шексіз махаббатын жеткізген керемет ән", "Раушанға деген ақ тілегі мен ыстық ықыласы сезіліп тұр", "Ән де, бейнебаян да өте әсерлі шыққан", – деп жазды тыңдармандар.
Айта кетейік, президент атынан Қанат Айтбаевқа мемлекеттік награда табысталды.
Қанат Айтбаев кім?
Қанат Айтбаев - қазақстандық әнші, композитор, продюсер және мәдениет саласының өкілі. Ол көпшілікке әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі ретінде де жақсы таныс.
Қанат Айтбаев ұзақ жылдар бойы музыка саласында еңбек етіп, ән жазу, орындаушылық және продюсерлік бағыттармен айналысып келеді. Оның жары — әнші Светлана Айтбаева. Отбасында Димаш, Мансұр және Раушан есімді үш баласы бар.
Өнер иесі балаларының шығармашылық жолына қолдау көрсетіп, әсіресе Димаш Құдайбергеннің кәсіби қалыптасуына және халықаралық сахнаға шығуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі ретінде аталады.