Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған адам үйқамаққа алынды

Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған адам үйқамаққа алынды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырған күдікті екі айға үйқамаққа жіберілді. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу соты ұйымдастырушыны қамауда ұстауға санкция беруден бас тартып, оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.

Прокуратура соттың бұл шешіміне наразылық келтіретінін хабарлады.

Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың «Сахнада 20 жыл» концерті өткен. Көрермендер арасында қысылып қалған 18 жастағы бойжеткен ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Полицияның алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт алаңының сыйымдылығынан асып кеткен. Осы оқиғадан кейін концерт ұйымдастырушысы ұсталып, тергеу басталған.

Қайрат Нұртас кім?

Қайрат Нұртас — қазақстандық эстрада әншісі. Толық аты-жөні — Қайрат Нұртасұлы Айдарбеков. Ол 1989 жылғы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. «Нұртас» — әкесінің есімінен алынған сахналық аты. Өнер жолын бала кезінен бастаған әнші еліміздің түрлі өңірінде концерт беріп, көпшілікке танылды.

Әкесі — Нұртас Айдарбеков, анасы әрі продюсері — Гүлзира Айдарбекова. Репертуарында «Ауырмайды жүрек», «Мейлі», «Алматы түні» секілді танымал әндер бар. Қайрат әншілікпен қатар киноға да түскен: 2013 жылы оның қатысуымен «Өкініш» фильмі жарық көрді. Жұбайы — актриса Жұлдыз Әбдікәрімова.