Әнші Сәкен Майғазиев өмірден өткен композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсенов туралы естелік жазбасын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында Арман Дүйсеновпен бірге түскен суретін бөлісіп, марқұм әріптесін еске алуға арналған кешке қатысу үшін Орал қаласына жолға шыққанын айтты.
"Қайран, Арекем. Арман Дүйсенов досымызды еске алу кешіне Оралға ұшып бара жатырмын. Оралдықтар, кездескенше!", – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Бүгін Орал қаласында белгілі композитор әрі әнші Арман Дүйсеновтің рухына арналған "Арман" атты еске алу кеші өтеді.
Шығармашылық кеште марқұм композитордың туындылары орындалып, өнердегі әріптестері оны еске алады. Іс-шараға Айгүл Иманбаева, Ақбота Керімбекова, "Кешью" тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Ажар Назар және басқа да өнер өкілдері қатысады.
Арман Дүйсенов қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған композиторлардың бірі. Оның шығармаларын отандық эстраданың көптеген танымал орындаушылары репертуарына енгізген.
Арман Дүйсенов кім?
Арман Дүйсенов – қазақстандық композитор, әнші, тележүргізуші және продюсер. Ол 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген. Музыкаға жақын отбасында өскен: әкесі Нариман Дүйсенов музыкант, саксофоншы, дирижер әрі әнші болса, анасы Қойсын Дүйсенова дәстүрлі әнші, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болған. Арман Дүйсеновтің өзі де өнерге келуіне отбасындағы шығармашылық ортаның үлкен әсер еткенін айтқан.
Оның кәсіби жолындағы алғашқы маңызды жетістіктерінің бірі 1990 жылы Павлодарда өткен XXII республикалық жас орындаушылар байқауындағы жеңісі болды. 1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдады. Оқуын аяқтағаннан кейін Райымбек Сейтметов негізін қалаған "Өнер" факультетінің Музыка және орындаушылық өнер кафедрасында сабақ берді. Ұстаздық қызметінде республикалық және халықаралық байқауларда жетістікке жеткен жас әншілер мен актерлерді тәрбиелеуге атсалысты.
Арман Дүйсенов қазақ эстрадасында ән жанрындағы белгілі композиторлардың бірі ретінде танылды. Оның "Кездер-ай", "Арман", "Сені сағындым", "Жан қызым", "Ауылдағы қыз" секілді әндері көпшілікке кеңінен тарады. Композитордың туындыларын Мейрамбек Беспаев, Айқын Төлепберген және басқа да белгілі өнер өкілдері орындаған. Мәселен, Мейрамбек Беспаев Арман Дүйсеновтің "Қайда?" әні "МузАРТ" тобы жазған алғашқы әндердің бірі болғанын айтқан. Оның шығармашылығы эстрадамен ғана шектелмей, бірқатар кинотуындыға да музыка жазды.
Арман Дүйсенов телевизия саласында да еңбек етіп, көрерменге жүргізуші ретінде танылды. Ол "Хабар" және "Ел арна" телеарналарында "Айбын", "Достархана", "Тапқыр достар", "Дудар-ай" және "Хабар-старс" бағдарламаларын жүргізді. Өнер иесі бірнеше рет республикалық ән байқауларында жеңімпаз атанып, 50-ге жуық мемлекетте гастрольдік сапармен өнер көрсетті. Еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланып, ол ҚР Мәдениет қайраткері атанып, "Құрмет" орденімен марапатталды. Өмірінің соңғы жылдарында "Қазақ әуендері" АҚ-ның "Гүлдер" филиалының директоры қызметін атқарды.
Арман Дүйсенов 2023 жылғы 24 қаңтарда 48 жасында өмірден өтті. Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі растаған. Композитордың өмірден өткеніне қарамастан, оның әндері қазақстандық орындаушылардың репертуарында сақталып, шығармашылық мұрасы қазақ музыкасының бір бөлігі ретінде жалғасып келеді.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Майғазиев – қазақстандық эстрада әншісі, ұстаз және "МузАРТ" тобының мүшесі. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Өнер иесі көпбалалы отбасында өсіп, отбасының тоғызыншы перзенті болған. Музыкалық білімін Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінде алған. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Эстрада әншісі" мамандығы бойынша білім алған.
Сәкен Майғазиев кәсіби сахнаға 1990 жылдардың ортасында шыға бастады. 1996 жылы Тараз қаласында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық фестивальдің дипломанты атанды. 1997 жылы республикалық "Жас қанат" байқауында "Алтын домбыра" жүлдесіне ие болды. Ал 1998 жылы "Алматы – 98" фестивалінде бірінші орын алды. 2001 жылдан бастап ол қазақ эстрадасындағы танымал "МузАРТ" тобының мүшесі атанды.
Топ құрамында Сәкен Майғазиев Мейрамбек Бесбаев және Кенжебек Жанәбіловпен бірге өнер көрсетті. "МузАРТ" жылдар бойы дәстүрлі ән мен заманауи эстраданы ұштастырған шығармаларымен қазақстандық тыңдарманға кеңінен танылды. Сәкен Майғазиев сахнадағы қызметімен қатар ұстаздық саламен де айналысты. 2012 жылдан бастап Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінде сабақ берді. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қызмет атқарды.
2018 жылы ол аталған академияның шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Бұл қызметті 2018-2020 жылдар аралығында атқарды. Сәкен Майғазиев Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атақтарына ие. Сондай-ақ ол "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Бүгінде Сәкен Майғазиев көпшілікке "МузАРТ" тобы арқылы танылған қазақ эстрадасының белгілі өкілдерінің бірі ретінде танымал.
Айта кетсек, Сәкен Майғазиев "Таңшолпан" бағдарламасында немересі туралы жаңалықпен бөліскен еді.