"Немерем марқұм әкемнің бесігінде жатады": Сәкен Майғазиев отбасылық сырымен бөлісті

"Немерем марқұм әкемнің бесігінде жатады": Сәкен Майғазиев отбасылық сырымен бөлісті
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев жақында ата атанғанын айтып, отбасындағы ерекше дәстүрмен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz."Таңшолпан" бағдарламасына қонақ болған өнер иесі немере сүюдің өзіндік ерекше сезім екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол бала тәрбиесінде ата-әженің орны маңызды екенін атап өтті.

" Ата-әже баққан баланың жаман болғанын көрмедім. Жұмыс болсын, көпшілік жер болсын әрқашан алда жүреді. Әдет-ғұрыпты, дәстүрді бойына сіңіріп өсед", - деді әнші.

Сонымен қатар ол сәбидің бесікте жатып бесік жырын естіп жетілуінде де өзіндік мән барын атап өтті.

"Адал жарым Динара Асылханқызы да осы жайында өте көп талдаулар жасап жүр. Психологиялық тұрғыда қандай пайдасы барын көпшілікке түсіндіруде. Немерем де бесікте жатады. Ол марқұм әкемнің бесігі", - деді. 

Сәкен Майғазиев кім?

Сәкен Майғазиев – қазақстандық әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және "МузАРТ" тобының мүшесі. 2025 жылы өнер иесі 50 жас мерейтойын атап өтті. Ол Түркістан өңірінің тумасы. Сәкен Майғазиев кәсіби музыкалық білімін Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінде алған. 1993 жылы аталған оқу орнына түсіп, соқпалы аспаптар және эстрадалық вокал мамандығы бойынша білім алды. 1997 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқуын жалғастырды. Әншінің өнердегі алғашқы жетістіктерінің бірі 1996 жылы Таразда өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық фестивальмен байланысты. Ол осы байқаудың дипломанты атанды. 1997 жылы республикалық "Жас қанат" байқауында "Алтын домбыра" жүлдесін иеленді. 1998 жылы "Алматы – 98" фестивалінде бірінші орын алды.

2001 жылдан бастап Сәкен Майғазиев "МузАРТ" тобының құрамында өнер көрсете бастады. Кейін бұл ұжым қазақ эстрадасындағы танымал топтардың біріне айналды. Сәкен Майғазиев жеке орындаушы ретінде де шығармашылық кештер өткізіп келеді. 2015 жылы оның "Асыл ана" атты шығармашылық концерті өтіп, онда репертуарындағы белгілі және жаңа әндері орындалды. Әнші телевизиялық музыкалық жобаларға да қатысып, жас орындаушыларға тәлімгерлік етті. 2021 жылы ол "Qazaqstan дауысы" жобасындағы төрт тәлімгердің бірі болды. Сонымен қатар өнердегі тәжірибесін кейінгі буынға жеткізу мақсатында ұстаздық қызметпен айналысып, 2012 жылдан бастап өзі білім алған эстрада және цирк колледжінде сабақ берді. Сәкен Майғазиев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

2025 жылы 50 жылдық мерейтойына орай Қазақстан өңірлерінде концерттік тур өткізіп, сол жылы өнер мен мәдениетке қосқан үлесі үшін Созақ ауданының "Құрметті азаматы" атанды. Осылайша, Сәкен Майғазиев – отандық эстрадада ширек ғасырдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп, орындаушылықпен қатар ұстаздық және тәлімгерлік бағытта да еңбек етіп келе жатқан белгілі өнер қайраткері.