Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді және бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижелер беруде.
«Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны салынған. Сонымен қатар міндетті медициналық сақтандыру жүйесі де заман талабына сай жаңғыртылған.
Президент денсаулық сақтау саласында бүгінде 280 мыңнан астам маман еңбек етіп жатқанын айтып, дәрігерлердің мәртебесін арттыру мемлекет үшін маңызды міндет болып қала беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, дәрігерлерге қатысты күш қолдану фактілерінің алдын алу үшін заңнамалық шаралар күшейтілген.
«Осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді», – деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, дәрігерлердің құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қоғамдағы беделін көтеру алдағы уақытта да мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.