Қала тұрғыны жексенбі күні таңертең полицияға көлігінің жоғалғаны жөнінде арызданған. Іздестіру барысында тәртіп сақшылары көлікті қала көшелерінің бірінен байқап, соңынан қуған, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының хабарлауынша, жүргізуші полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған. Қуу барысында көлік жол жиегіндегі бағанға соғылып тоқтаған. Кейін анықталғандай, рөлде көлік иесінің 14 жастағы ұлы отырған.
Оқиға салдарынан жасөспірім зардап шеккен жоқ. Кейін оның әкесі баласына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерін жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік басқаруына жол бергені және мүліктің бүлінуіне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.