Freedom Inside '26

Полиция ескертті: электрсамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады

Полиция ескертті: электрсамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады
Caravan.kz

Алматыда мемлекеттік тіркеуге жататын электрмопедтер мен басқа да екі дөңгелекті электр көліктерін тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Полиция тіркеуге жататын көлік иелерін рәсімді кейінге қалдырмауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік тіркеу көлік құралын ортақ пайдаланудағы жолдарда заңды түрде жүргізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, меншік құқығын да растайды.

Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының бастығы Нұрсұлтан Ақмырзаевтың айтуынша, бүгінде тіркеу рәсімі жеңілдетілген және көп уақыт алмайды. Оның сөзінше, көптеген азамат қажетті құжаттарын рәсімдеп үлгерген. Ал тіркеу заң талаптарын орындаумен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі саналады.

Тіркеуге қатысты толық ақпаратты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Құжаттарды рәсімдеу де осы орталықтарда жүргізіледі.

Сонымен қатар Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану ережесіне өзгерістер енгізілмек. Жаңа талапқа сәйкес, электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мұндай шешім жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданып отыр.

Ресми дерек бойынша, 2025 жылы электрсамокат жүргізушілерінің қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 149 адам жарақат алған.

Айта кетейік, электрсамокат мәселесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері өзекті болып келеді. Бұған дейін тұрғындар Ішкі істер министрлігінен жалға берілетін самокаттарға тыйым салуды сұраған. Сондай-ақ полиция жыл басынан бері 28 мың электрсамокат жүргізушісінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған болатын.