Семейде учаскелік полиция қызметкерлерінің екі қызметтік көлігін өртеп жіберген 65 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға биылғы 25 қаңтарда болған. Сол күні ер адам гаражында сыра ішкеннен кейін үйіне қайтып келе жатқанда оны учаскелік полиция инспекторлары тоқтатқан. Тәртіп сақшылары оны полицияның тірек пунктіне жеткізіп, әкімшілік хаттама толтырған соң үйіне жіберген.
Алайда осыдан кейін зейнеткер полиция қызметкерлерінен кек алуды ұйғарып, гаражынан бензин құйылған канистраны алып келген. Кейін тірек пунктінің жанына келіп, учаскелік инспекторларға тиесілі Changan CS55 Plus және Chevrolet Cobalt автокөліктерін өртеп жіберген.
Күдікті оқиға орнынан қашып үлгермеген. Полицейлердің бірі оны қуып жетіп, оқиға орнында ұстаған.
Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін ашуға бой алдырып, полиция қызметкерлерін осылай «жазаламақ» болғанын айтты.
Өз кезегінде полицейлер ер адамды масаң күйдің белгілері байқалғандықтан тоқтатқанын, заң талаптарына сәйкес әкімшілік хаттама рәсімдеп, кейін туыстарының өтініші бойынша үйіне жібергендерін мәлімдеді.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабының 2-бөлігі («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол осы мерзім ішінде пробациялық бақылауда болады.
Сонымен қатар сот жәбірленушілерге келтірілген 9,8 миллион теңге материалдық шығынды өтеуді міндеттеді. Сотталушы бұл қаражатты зейнетақысынан өтейтінін мәлімдеген.