Петропавлдағы макарон өндіретін кәсіпорында 35 жастағы жұмысшы қаза тапты. Ол қамыр илейтін аппаратты тазалап жатқан кезде, құрылғы кенеттен іске қосылған, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 12 қазанда түнгі сағат 03:00 шамасында Труд көшесіндегі өндіріс нысандарының бірінде болған.
Өндірістік желі қамыр илейтін аппаратты қалдықтардан тазарту үшін тоқтатылған. Осы кезде престеуші болып жұмыс істейтін ер адам жабдықтың ішін тазалауға кіріскен. Алайда аппараттың қалақтары мен біліктері кенеттен қозғалып, жұмысшыны ішіне тартып кеткен. Ол алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға мемлекеттік еңбек инспекциясының бақылауына алынды. Жазатайым жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Полиция еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.