Freedom Inside '26

Павлодарда өрттен қашпақ болған бойжеткен көз жұмды

Павлодарда өрттен қашпақ болған бойжеткен көз жұмды
bizmedia.kz

Павлодарда көпқабатты тұрғын үйде болған өрт салдарынан 22 жастағы бойжеткен қайтыс болды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 12 маусым күні таңғы сағат 03:55 шамасында бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Жалын үйдегі жиһаздарды, тұрмыстық заттарды және терезе жақтауын қамтыған.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 04:16-да оқшаулап, алты минуттан кейін толықтай сөндірді. Құтқару жұмыстары барысында үшінші қабаттан баспалдақ арқылы екі адам, оның ішінде бір бала эвакуацияланды.

Ведомствоның хабарлауынша, екі ересек тұрғын түтінге уланып, ауруханаға жеткізілген. Ал 2003 жылы туған қыз өрт сөндірушілер келгенге дейін өздігінен құтылуға әрекет жасап, екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен.

Зардап шеккен бойжеткен №3 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол сағат 05:50-де көз жұмған.

Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.