Павлодарда 19,9 млрд теңгеге мұз спорт сарайы салынады

Павлодарда 19,9 млрд теңгеге мұз спорт сарайы салынады

Павлодарда көпфункционалды Мұз спорт сарайын салу жобасына 19,9 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ult.kz.

Жоба Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші сессиясында берген өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жаңа кешеннің жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Мұнда Олимпиада талаптарына сәйкес келетін 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, канадалық және еуропалық форматтағы екі хоккей алаңы, сондай-ақ керлинг жолақтары болады.

Сонымен қатар кешенде 500 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған бөлмелер қарастырылады.

Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қысқы спорттың бес түрі дамиды

Мұз сарайы іске қосылғаннан кейін мұнда қысқы спорттың бес олимпиадалық түрін дамыту жоспарланған. Олар:

  • конькимен жүгіру;
  • шайбалы хоккей;
  • мәнерлеп сырғанау;
  • шорт-трек;
  • керлинг.

Кешенде жаңа спорт секцияларын ашып, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік туады.

Қазір 370 мыңнан астам тұрғыны бар Павлодарда 19 хоккей корты жұмыс істейді. Оның бесеуі жабық. Бұдан бөлек, қалада мұз сарайы мен мұз аренасы бар.

Алайда қолданыстағы спорт нысандары тұрғындар мен спорт ұйымдарының сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Жаңа кешен олардың жүктемесін азайтып, тұрғындардың қысқы спорт түрлерімен айналысуына қосымша мүмкіндік береді.