Павлодар облысында 200 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл кешірілді

Павлодар облысында 200 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл кешірілді
pixabay.com

Павлодар облысында әкімшілік рақымшылық аясында борышкерлердің 200 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұлы кешірілді, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асырылған әкімшілік рақымшылық заңда көзделген жекелеген баптар бойынша азаматтарды әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатуды қарастырады.

Павлодар облысында бұл шара 19 061 әкімшілік іске қатысты қолданылды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 200 миллион теңгеден асатын айыппұлдар бойынша атқарушылық өндірістер тоқтатылды.

Мәселен, Павлодар қаласының 27 жастағы тұрғыны отбасылық жағдайына байланысты бірнеше әкімшілік айыппұлын ұзақ уақыт төлей алмағанын айтады.

«Мен үшін бұл рақымшылық – жаңа мүмкіндік. Отбасылық жағдайыма байланысты айыппұлдарды уақытында төлей алмадым, бұл маған үлкен қаржылық салмақ болды. Енді заң бұзбаймын және барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамын», – дейді павлодарлық Игорь.

Полиция әкімшілік рақымшылықтың бір реттік ізгілік шарасы екенін ескертеді. Бұл азаматтарды алдағы уақытта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Заң бұзушылық қайталанған жағдайда кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде жауапқа тартылады.

«Заң мен тәртіп қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі», – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.