Павлодар – Астана бағытындағы ақылы автожолдың бір бөлігінде бетон жабындысының көтерілуі салдарынан бірнеше көлікке зақым келгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға Спутник ауылы маңында болған. Жол жабынының деформацияға ұшырауы жүргізушілер үшін күтпеген жағдай туғызып, кейбір автокөліктердің техникалық ақауға ұшырауына себеп болған.
Жүргізушілер мұндай жағдайлардың жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтып, жолдың техникалық жағдайын бақылауды күшейту қажет екенін алға тартуда. Сондай-ақ олар жолдағы ақаулар туралы ескертулердің дер кезінде берілуі маңызды екенін атап өтті.
Оқиғаға байланысты жүргізушілер жолдың бүлінген бөлігін жедел жөндеуді және зардап шеккен автокөлік иелерінің мәселесін қарастыруды сұрауда.
Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме жарияланған жоқ.