Алматы облысында «Dog House — Твардовский дом» жануарлар панажайын құрған Владимир Тепляков қаза тапты. Оның өлімінен кейін панажайдағы 90-ға жуық ит қараусыз қалған. Қазір еріктілер жануарларға жаңа иелер іздеп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, 7 қазанда адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау үшін тергеу мен жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады. Тергеу департамент басшылығының бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Владимир Тепляковтың қаза болғаны туралы ерікті Арсен Қабденов те әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, панажайдың негізін қалаушы 2015 жылы ұлының есімімен аталған жануарлар панажайын құрған.
Осы жылдар ішінде панажай бірнеше рет қоныс аударуға мәжбүр болып, түрлі қиындықты бастан өткерген. Енді еріктілер онда қалған жануарларға қамқор болатын адамдарды іздеп жатыр.