Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай бірқатар мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Мерейтойға орай қатысушыларға Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты жолданды. Онда Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, тарихи сананы қалыптастыруға, ана тілі мен салт-дәстүрді дәріптеуге қосқан үлесі атап өтілді.
Қайраткердің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру, Наурыз мерекесін қайта жаңғырту, музейлер мен театрларды дамыту, фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың жұмысын жандандыру бағытындағы еңбегіне де ерекше мән берілді.
Мерейтой аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 1970-1990 жылдар аралығындағы архив құжаттары, фотосуреттер мен мәдени мұраға қатысты материалдар қойылды.
Экспозицияда Жәнібековтің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде музей ісін қалыптастыруға, ұлттық мәдени мұраны сақтап, оны көпшілікке танытуға сіңірген еңбегі көрсетілді.
Іс-шара барысында қайраткердің мемлекеттік және қоғамдық қызметі, ұлттық мәдениетті дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау жолындағы еңбегі талқыланды. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы Бауыржан Жәнібеков, профессор Құлбек Ергөбек және тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын баяндама жасады.
Мерейтойлық бағдарлама Түркістан музыкалық драма театрында қойылған «Арқалықтың ақ таңы» спектаклімен қорытындыланды.