Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін жарыссөз алдында сот процеске қатысушылардың өтініштерін қарады, деп хабарлайды ult.kz.
Судья Меруерт Абаева марқұмның күйеуі Әділет Зейнелдің бұған дейін өзін жәбірленуші мәртебесінен алып тастау туралы өтініш бергенін еске салды.
— Осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінде қаласыз ба, бұрынғы өтінішіңізден бас тартасыз ба? — деп сұрады судья.
Зейнел бұрынғы өтінішінен бас тартатынын және сотта жәбірленуші мәртебесінде қалатынын растады.
Бұған дейін оның адвокаты Мұрат Мәуметов Зейнелдің Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартуға ниетті екенін айтқан еді.
Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот 18 тамызда басталған. Іс бойынша айыпталушы — қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова. Ол өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеді.
2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында зардап шеккендерге көмек көрсетуге келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Сот барысында куәгерлер, үй тұрғындары мен құрылыс саласының мамандары жауап берді. Сараптамада қасбетте ақау белгілері қаптама құлағанға дейін пайда болғаны айтылды.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралып жатыр.