«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды». Қазақтың осы бір даналық сөзі бүгінгі қоғам үшін бұрынғыдан да маңызды естілетіндей. Себебі технология дамып, ақпарат тасқыны күшейген сайын бала тәрбиесінің жауапкершілігі де артып келеді. Осындай кезеңде отбасының беріктігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орны туралы мәселе жиі көтеріледі. Әке – тек шаңырақтың асыраушысы ғана емес, ол – отбасының тірегі, баланың мінезін қалыптастыратын алғашқы ұстаз, өмір мектебіндегі ең үлкен үлгі.
Қазақ дүниетанымында әкенің орны әрқашан биік болған. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалдар ұлттың бала тәрбиесіне деген көзқарасын айқын көрсетеді. Әке ұлына еңбек пен ерліктің, адалдық пен азаматтықтың мәнін үйретсе, қызына қамқорлық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді. Сондықтан әкенің әрбір әрекеті – бала үшін үнсіз тәрбие. Бүгінде отбасыдағы әке рөлі, әке тәрбиесі маңызды орын алып, сүйсінерлік көрініс байқалады. Осындай жақсылықтың үлгісі болып отырған жас әкелерді сөзге тартып көрген едік. Ақын Асылан Тілеген өзі үш баланың әкесі болғанда әкесінің өзіне не көрсеткенін, не үйреткенін, өзінің қандай бала болғанын, баласының қандай екенін салыстыратын болғанын айтады.
«Басқаларды қайдам, өзім әке атанған соң, сол статусты бірден сезініп кете қоймадым. Ұлымды інім сияқты көріп жүрдім. Бұндай сезімде бір жылдан асқанша жүрдім-ау, шамасы. Иә, мүмкін балам «папа» дегенде толық сезінген шығармын. Мүмкін жерден бауырын көтеріп, емініп еңбектей бастағанда, бір кездері өзімнің де сондай болғанымды, сонда әке-шешенің аялап-мәпелегенін сезінген шығармын. Айтпағым, мен ертең әке болам-ау, соларға әйтермін-бүйтермін деген ой, қиял мүлде болмапты. Баламен бірге өсіп, бірге үйреніп келеміз.
Сондайда әкемнің маған не көрсеткенін, не үйреткенін, өзімнің қандай бала болғанымды, баламның қандай екенін салыстыратын болдым. Оның үстіне бздің ауылда өскеніміз, ал баламның қалада өсіп келе жатқаны да әжептәуір айырашылық. Ауылда бала тәрбиесіне бүкіл ауыл араласатындай көрінеді. Көшеде ойнап жүрсең, анау жақта кетіп бара жатқан ауылдың адамы «әй, бала, амандаспайсың ба?» деп жөнге салып, болмаса жеті атаңды түгендеп сұрап, қитұрқы сұрақтарымен қандай адам боп өсіп келе жатқаныңды бір тексеріп қойып, сөйтпеуші ме еді. Ал қалада ше? Қалаға бәрібір. Сол үшін қала баласына тек қана өзің жауаптысың. Балабақшадан жөнсіз бірдеңе «жұқтырып» келеді, оны түсіндіресің. Ауладан небір сорақылықты көріп келеді, оны айтасың. Сондағымыз – күрес. Ауылда өскен бала (өзім) мен қала баласының күресі қазіргі жағдай. Менікі сол, әкемнен не көрдім, ауыл адамдарының қандай асыл қасиеттерін көрдім, соны балама көрсету. Балаға көрсетіп қана үйретеді екенсің. Басқа жолы жоқ екен», – дейді ақын Асылан Тілеген.
Бүгінде қоғамда «әке ақша табумен ғана айналысуы керек» деген жаңсақ түсінік әлі де кездеседі. Алайда балаға қымбат сыйлықтан бұрын әкенің жанында өткізген бір сағаты әлдеқайда бағалы. Себебі бала әкесінің айтқан сөзінен бұрын оның күнделікті ісіне қарап өседі. Үлкенге құрмет көрсетуі, еңбекке адалдығы, уәдесінде тұруы, отбасы мүшелеріне қарым-қатынасы – мұның бәрі баланың санасында өмірлік қағида болып қалыптасады. Фотограф Азамат Құсайынов та үш баланың әкесі болғанда баланың өзін-өзі бағалауы мен өмірдегі батылдығы көбіне әкесімен қарым-қатынасына байланысты екенін түсінгенін айтады. Оның сөзінше, әкесінің қолдауын сезініп өскен бала жауапкершілікті ерте меңгереді, қиындыққа мойымайды, өз пікірін ашық жеткізе алады.
«Ал әке мейірімі мен қамқорлығын көрмеген балада сенімсіздік, тұйықтық немесе агрессия белгілері жиі кездесуі мүмкін. Демек, әкенің тәрбиедегі рөлі – тек ұлттық құндылық қана емес, ғылыми тұрғыдан да дәлелденген қажеттілік.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда көптеген отбасы уақыт тапшылығының құрсауында қалып отыр. Таңнан кешке дейін жұмыс істейтін әкелердің баласымен еркін әңгімелесуге, бірге кітап оқуға, серуендеуге немесе ойын ойнауға уақыты жете бермейді. Кейбірі мұны материалдық жағдайды жақсартумен ақтағысы келеді. Бірақ бала үшін әкенің табысы емес, ықыласы маңызды. Жылы сөз, бірге ішілген бір кесе шай, мектептегі жетістігін тыңдау, демалыс күнгі ортақ серуен – мұның бәрі баланың жан дүниесін байытады. Отбасындағы татулық та көбіне әкенің ұстанымына байланысты. Балалар әкесінің анасына деген құрметін көріп өссе, ертең өз отбасында да сондай қарым-қатынас қалыптастыруға ұмтылады. Демек, әке тек баланы емес, болашақ қоғамды тәрбиелейді. Себебі әрбір шаңырақтың берекесі – тұтас елдің тұрақтылығының негізі.
Әке тәрбиесі тек тыйым салумен немесе ақыл айтумен шектелмеуі керек. Баланың ойын тыңдай білу, оның арманына сену, қателескен сәтінде жазғырудың орнына бағыт көрсету – нағыз әкелік жауапкершіліктің белгісі. Әке баласына қорқыныш емес, сенім сыйлағанда ғана олардың арасындағы байланыс берік болады», – дейді фотограф Азамат Құсайынов.
Қазіргі цифрлық дәуірде тағы бір маңызды мәселе бар. Бұрын баланың тәрбиешісі ең алдымен ата-анасы болса, бүгінде оның орнын телефон, әлеуметтік желі, блогерлер мен түрлі интернет кейіпкерлері басып барады. Егер әке баласымен сырласпаса, оның қызығушылығын бөліспесе, бос уақытын бірге өткізбесе, бала өзіне үлгі болатын тұлғаны виртуалды әлемнен іздейді. Бұл – бүгінгі қоғамның ең үлкен сындарының бірі.
Ұлттық тәрбиенің өзегінде әкенің беделі ерекше орын алған. Бұрын қазақ даласында ұл балаларды атқа мінгізіп, еңбекке баулыған, сөзге тоқтауды, үлкенді сыйлауды үйреткен де – әке. Бүгінгі заман басқа болғанымен, бұл қағидалар ескірген жоқ. Керісінше, жаһандану жағдайында ұлттық болмысты сақтап қалудың бір жолы – әке институтын нығайту.
Мемлекет деңгейінде де әке мәртебесін көтеруге бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Әкелер кеңесі, отбасы институтын нығайтуға арналған жобалар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын іс-шаралар – мұның бәрі қоғам сұранысынан туындаған қадамдар. Бірақ ешқандай бағдарлама әкенің өз жауапкершілігін алмастыра алмайды. Балаға ең қажетті тәрбие мемлекеттік құжаттарда емес, отбасының дастарқанында, күнделікті қарым-қатынаста беріледі.
Ұлы ойшылдардың «тәрбие – тал бесіктен басталады» деген тұжырымы бүгін де өзекті. Ал сол тәрбиенің бір қанаты – ана болса, екінші қанаты – әке. Қос қанаты тең болғанда ғана ұрпақтың болашағы нық болады.