Өскемен қаласында көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан құлаған 5 жасар бала көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Қазіргі уақытта баланың нақты қандай жағдайда құлағаны анықталып жатыр. Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
– 5 жасар баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар қолға алынды, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері облыста бес бала терезеден құлап кеткен.
Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Құтқарушылар терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және терезе маңында жалғыз ойнауына жол бермеуге шақырады.
Мамандар москит торлары балаларды құлаудан қорғай алмайтынын да атап өтті.