Қостанайдағы Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан жасөспірім көз жұмды. Қайғылы жағдай 28 шілде күні болған, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақова растады.
Оның айтуынша, оқиға болған күні баланың жағдайы қалыпты болған. Дене қызуы көтерілмеген, ешқандай шағымы тіркелмеген.
«Бала белсенді болды. Түскі асын ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқызылды», – деді басқарма басшысы.
Динара Қарымсақова орталықта тәрбиеленушілерге тәулік бойы бақылау жасалатынын атап өтті. Оның мәліметінше, топтарда кіші медициналық қызметкерлер тұрақты кезекшілік атқарады, медициналық бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Сонымен қатар балаларды дәрігерлер күн сайын тексеріп отырады.
Әлеуметтік желілерде жасөспірімнің өліміне ғимараттағы аптап ыстық пен кондиционердің болмауы себеп болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды.
Басқарма өкілдері орталықтағы әр топта кондиционер орнатылғанын және ыстық күндері температуралық режим мен ауыз су тәртібі қатаң бақылауда болғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды.