Алматы облысының Кеген ауданындағы таулы аймақта денесі өртенген күйде табылған 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Осы іс қоғамда кең талқыланып жатқан тұста марқұмның бұрынғы әріптесі оның қызметтегі болмысы мен отбасы туралы пікір білдірді
Екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы «Қайырлы таң Қазақстан» бағдарламасына қатысып, көпшілікке полиция саласындағы үлгілі жанұя ретінде таныстырылған еді. Эфир барысында ерлі-зайыпты таныстық тарихын, отбасы құндылықтарын және жеті баланы тәрбиелеудегі ұстанымдарын айтып берген.
Бағдарламада Аслан Әлсеров еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полициясында бастағанын, болашақ жары Арайлыммен қызмет барысында танысқанын айтқан. Ал жұбайы Арайлым Әлсерова оны сабырлы мінезі мен батылдығы үшін таңдағанын жеткізген.
Сондай-ақ эфирде олардың спортты өмір салтына айналдырған отбасы екені көрсетілген. Аслан грек-рим күресімен айналысса, Арайлым джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы екенін айтқан. Олар балаларын да спортқа баулып, ұлдарының халықаралық жарыстарда жетістікке жеткенін, қыздарының да спорт пен шығармашылыққа қызығатынын мақтанышпен бөліскен. Үлкен қыздары әкесін талапшыл, анасын мейірімді әрі сабырлы жан ретінде сипаттаған.
Алайда араға екі жыл салып, сырт көзге берекелі көрінген отбасы ауыр қайғылы оқиғаның ортасында қалды. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс Алматы қаласында жасалып, кейін мәйіт Алматы облысының Кеген ауданындағы таулы жерге жеткізілген болуы мүмкін. Іс бойынша марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және тағы бірнеше адам күдікке ілінген. Кейін кәмелетке толмаған күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал қорғаушылар олардың ұзақ жылдар бойы отбасындағы жүйелі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Марқұммен бірге қызмет атқарған бұрынғы әріптесі Жігер (аты өзгертілген) Аслан Әлсеровтің кәсіби деңгейі жоғары болғанын айтады.
Оның сөзінше, әріптестері арасында Аслан көбіне «Басар» немесе «Слепой» деген лақап атпен танылған. Ол пәтер ұрлығы қылмыстарын ашуда тәжірибелі маман саналып, көптеген қауіпті операцияларға қатысқан. Бұрынғы әріптесі оның қызмет барысында бірнеше рет шабуылға ұшырап, пышақ жарақатын алғанын, оқ атылғанын, сондай-ақ жақ сүйегі мен мұрны сынған жағдайлар болғанын айтты.
Жігердің айтуынша, Аслан Әлсеров өте тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі спортты ерекше қадірлеген адам болған. Ол өзін ғана емес, балаларын да спортқа баулып, олардың кәсіби жетістіктеріне ерекше мән берген.
Сонымен қатар бұрынғы әріптесі оның ешқашан ашушаң немесе психологиялық тұрғыдан тұрақсыз адам ретінде көрінбегенін айтты. Керісінше, оны сабырлы, бес уақыт намазын оқитын, діндар азамат ретінде сипаттады. Дегенмен, балаларына қатысты талаптарының қатаң болғанын жасырмады.
«Балаларының күн тәртібі өте нақты болатын. Мектептен кейін сабақ оқып, кейін жаттығуға кететін. Егер жаттығуды себепсіз жіберіп алса, соған қатты ренжитін. Бірақ оны озбыр немесе тиран әке болды деп нақты айта алмаймын. Бұл оқиға мен үшін де күтпеген жағдай болды», – деді ол.