Freedom Inside '26

Оқулықтарда 700-ден астам қате анықталды: мектеп кітаптары кезең-кезеңімен жаңартылады

Оқулықтарда 700-ден астам қате анықталды: мектеп кітаптары кезең-кезеңімен жаңартылады
ашық дереккөз

Қазақстан мектептерінде қолданылып жүрген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерде 700-ден астам түрлі сипаттағы ескертпе мен қате анықталған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, білім беру ұйымдарын жаңа басылымдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы уақытта мектеп оқулықтарын жаңарту мәселесіне қатысты қоғам тарапынан көптеген сауалдар түскенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, анықталған кемшіліктердің қатарында техникалық және стильдік қателер, деректік дәлсіздіктер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, оқу бағдарламаларымен үйлеспейтін материалдар, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалар бар.

Әсіресе ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару тәсілдері, оқу бағдарламасында қарастырылмаған шығармалардың енгізілуі және тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар алаңдаушылық тудырып отыр.

Министрдің мәліметінше, кейбір оқулықтар белгіленген мерзімде қайта қаралмай, тоғыз жылға дейін елеулі өзгеріссіз қолданылған. Сондықтан оқу басылымдарын уақытылы жаңарту оқушыларды сапалы әрі заманауи білім мазмұнымен қамтамасыз етудің маңызды шарты болып саналады.

Сонымен қатар Аида Балаева бұл бастама бұрын оқулықтарды мақұлдаған пәндік сараптама комиссияларының шешімдерінің күшін жоюды көздемейтінін атап өтті. Оның сөзінше, мәселе білім беру сапасы үшін ортақ жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныпқа арналған оқу басылымдары жаңартылады.

Вице-премьердің айтуынша, негізгі мақсат – Қазақстан мектептерін мазмұны мұқият сараланған, мемлекеттік білім беру стандарттарына сай, заманауи әрі сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету.