Онкологияға шалдыққан әйелдің 4,5 млн теңге қарызы сот шешімімен кешірілді

Онкологияға шалдыққан әйелдің 4,5 млн теңге қарызы сот шешімімен кешірілді
Ашық дереккөзден

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот 4,5 миллион теңге қарызы бар қазақстандық әйелге қатысты сот банкроттығы рәсімін қолданып, оны банкрот деп таныды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, өтініш беруші II топтағы мүгедек және онкологиялық дертке шалдыққан. Оның жалғыз табыс көзі – мүгедектік бойынша алатын мемлекеттік жәрдемақы.

Бұған дейін бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар әйелдің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) жарғылық капиталындағы 25,9 пайыздық үлесіне сүйеніп, банкроттық рәсімін қолданудан бас тартқан.

Алайда кассациялық сот бұл ұстаныммен келіспеді. Сот анықтағандай, аталған серіктестік екі жылдан астам уақыттан бері іс жүзінде жұмыс істемейді, ал оның барлық мүлкінің құны небәрі 103 мың теңге. Өтініш берушінің үлесі 26 677 теңгеге бағаланған, бұл оның 4,5 миллион теңге көлеміндегі қарызын өтеуге жеткіліксіз. Сондай-ақ әйел бұл үлестен ешқандай табыс алмайды.

Кассациялық сот заңды тұлғадағы үлестің формалды түрде болуы азаматқа сот банкроттығын қолданудан бас тартуға автоматты негіз бола алмайтынын атап өтті. Мұндай жағдайда мүліктің нақты нарықтық құны мен борышкердің шынайы төлем қабілеттілігі ескерілуі тиіс.

Нәтижесінде кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін жойып, әйелге қатысты сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешім шығарды.