Әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі Назира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты жазба жариялап, неке адалдығы туралы ойын бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Назира Байырбекова жазбасында күйеуінің өзіне опасыздық жасағанын меңзеп, мұндай әрекетті кешірмейтінін ашық жеткізген.
Оның айтуынша, өзін бағалайтын және отбасын, неке адалдығын басты құндылық санайтын әйел опасыздықты қабылдамауы керек.
«Өз құнын білетін, өзін-өзі бағалайтын, шекарасы анық, отбасын, неке адалдығын құнды дүнием, бақытымның өзегі деп қарайтын әйелдер "изменаны" кешірмейді», – деп жазды ол.
Назираның сөзінше, әйел жасы қаншада болса да, жұбайы опасыздық жасаса, онымен бірге қалмауға құқылы.
«Олар 60, 70, 80 жаста болса да, неке адалдығын бұзған адаммен бір шаңырақта тұрмайды. Өмірінің соңғы күні болса да, бүгін ажырасады. Олар өзін ешкімнің қор қылуына жол бермейді», – деді ол.
Жазбасын ол: «Қош бол, көңілдес іздеуден басқа өмірден мән таба алмаған адам!» деген сөздермен аяқтаған.
Назира Байырбекова бұл жазбасы арқылы неке адалдығы өзі үшін маңызды құндылық екенін және опасыздықты кешірмейтінін білдірген.
«Оқысам, ол ішіп, сағаттап телефонда жатқанда мен күндіз жұмыс істеп, түнгі 3-4 ке дейін отырып оқыдым. Мен жәй ғана сол оқуға рұқсат берені үшін риза едім оған.
Менің де төрт қызым, әпкелерім, келіндерім бар. Мен "измена" деген нәрсеге ешкім төзбесе екен, ешкім ондайды кешірмесе екен деймін. Отбасының шынайы құндылығы сонда ғана сақталады. Бұл шешімге саналы түрде келіп отырмын», - деп жауап жазды оқырмандарының біріне.
Ал Жазира Байырбекова сіңлісінің жазбасын өз парақшасында бөліскен және сіңлісінің ажырасуына себепкер әйелдің де суретін жариялаған.