Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов Алматы халықаралық әуежайындағы оқиғадан кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
25 қыркүйекте Алматы – Астана бағытындағы рейске отыру кезінде ер адам ұшақтан өз бетінше шығып, перронға жүгіріп кеткен. Осылайша авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзған.
Оқиғаға байланысты қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ұшақтағы барлық жолаушы сыртқа шығарылып, тиісті рәсімдер жүргізілген. Соның салдарынан рейс кешіктірілген.
Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Полиция мәліметінше, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бес бабы бойынша жауапқа тартылған. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйінде жүру, тыйым салынған жерде темекі шегу, ұшу қауіпсіздігі талаптарын бұзу, әуе кемесіндегі мінез-құлық ережелерін сақтамау және ұсақ бұзақылық бойынша хаттамалар толтырылған.
Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Құқық қорғау органдары адамның мәртебесі, танымалдығы немесе бұрынғы жетістіктері жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Заң талаптары барлығына бірдей қолданылады.