
Naiza Fighting Championship ұйымының президенті Нұрбек Қарабала Ақтауда полицейді итеріп жіберген турнир ұйымдастырушының ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарабала ұйымдастырушының бұл әрекеті абайсызда болғанын және оның ешқандай арам ниеті болмағанын айтты. Оның айтуынша, көп адам жиналатын кез келген ауқымды шарада күтпеген жағдайлар болады.
"Техника ғана емес, адамдардың жүйкесі де шыдамайды. Біреу эмоцияға беріліп, өз кумирін көргісі келеді, алға ұмтылады. Ал енді біреу көпшілікті тізгіндеп, қоғамдық тәртіпті сақтауы керек. Полиция қызметкерлері тиісті деңгейде жұмыс істеді, көпшілікті кері қайтарып, кішігірім төбелестерге жол бермеді. Ұйымдастырушы ретінде оларға ризашылығымды білдіремін. Бастысы - бір-бірімізге деген құрмет. Адамдар арасында түсініспеушілік тудырмау", - деді ол.