Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында елімізде ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама қолға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Осы бастама шеңберінде өтіп жатқан «Жылдың он оқырманы» жобасы мен кітап оқу марафоны еліміздің 195 ауданы мен 87 қаласын түгел қамтиды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, қатысушылар сегіз санат бойынша бақ сынайды. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар, журналистер және кітапқұмар барша азамат қатыса алады.
Бастаманың басты мұраты — қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениеті мен сыни ойлауды дамыту, сондай-ақ Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосу. Элеуметтік және жас ерекшелігіне қарамастан, кітапты білімнің негізгі көзі ретінде дәріптейтін бұл жобаны Қазақстан Жазушылар одағы мен қаламгерлер қауымы да қызу қолдап отыр.
Марафонда оқуға ұсынылған шығармалар қатарында Нобель сыйлығының иегері Мо Янның «Сарымсақ жыры» романы бар. Биыл алғаш рет қазақ тілінде жарық көрген бұл туындының тұсаукесері автордың өзінің қатысуымен өткен болатын. Қытайлық жазушы бұл романның қазақстандық оқырмандарға арналған марафон тізіміне енгеніне қуанышын білдіріп, арнайы бейнеүндеу жолдады.