Непалда алапат тасқын: 400-ге жуық адам із-түзсіз жоғалды

Непалда алапат тасқын: 400-ге жуық адам із-түзсіз жоғалды
видеодан скриншот

Непалдың солтүстігінде болған сел мен су тасқынынан кемінде 17 адам қаза тауып, 384 турист пен жергілікті тұрғын із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды ult.kz.

Непал туризм кеңесінің мәліметінше, жоғалғандардың 291-і — шетел азаматтары. Олардың арасында Үндістанның 105 азаматы, сондай-ақ Австралия, Нидерланд, АҚШ, Малайзия, Ұлыбритания және Оңтүстік Африка Республикасының туристері бар. Тағы 93 адам — Непал азаматтары.

Апатқа тауда болған жер сілкінісі салдарынан көшкіннің жүруі себеп болған. Көшкін солтүстіктегі Расува ауданындағы Бхоте-Коши өзенін бөгеп қалған. Кейін табиғи бөгет бұзылып, лай мен су көршілес Нувакот және Дхадинг аудандарына қарай лап қойған.

Сел салдарынан Непалдағы алты ірі гидроэнергетикалық және электр инфрақұрылымы нысаны зақымданған.

Ал Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Непалда су электр станциясының құрылысына қатысып жүрген сегіз оңтүстіккореялық жұмысшы да із-түзсіз жоғалған.

Непал президенті Рам Чандра Паудел оқиғаны «аса қайғылы» деп атап, құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуге шақырды.

Қазір негізгі күш жоғалған адамдарды іздеуге және зардап шеккен аудандарға көмек жеткізуге бағытталған.